Балаларды спорт жарыстарына полицияның сүйемелдеуінсіз жіберуге тыйым салынады

Премьер-министр Олжас Бектенов спортшы оқушылар мінген көліктердің жол апатына түсу жағдайына алаңдаушылық танытты.
— Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекітуге тиіс. Балалардың жол-көлік жарақатының профилактикасы мәселесіне ерекше назар аудару керек. Спортшы оқушылар мінген көліктердің жол апатына түсіп, қайғылы жағдайларға алып келгені баршаға аян. Сондықтан тиісті келісулер, рұқсаттар болмаса және патрульдік полиция бастап жүрмесе, спортшы балалардың өз елді мекендерінен тыс жерлерге шығуына жол бермеуді тапсырамын. Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері каникул кезінде барлық қызметтің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі қажет, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Осы орайда Премьер-министр 1 маусымға дейін барлық ұйымдастыру жұмысын аяқтауды тапсырды.
— Жалпы, мүдделі мемлекеттік органдар жазғы маусым алдында су айдындарында, ормандар мен жолдардағы қауіпсіздік және тәртіп ережелері бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізсін, — дейді ол.