
«Атырау» футбол клубы басшылығы төрт легионер ойыншымен арадағы келісімшартты тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы клубтың бас менеджері Дидар Сыдықбек мәлімдеді.
Клубпен қоштасқан ойыншылардың қатарында Никита Капленко, Гильермо Морайс, Матеус Барбоза және Евгений Казлов бар. Бас менеджердің айтуынша, бұл шешім команданың ойынын жақсарту мақсатында қабылданған. Аталған легионерлер өтемақысыз келісімшартты бұзуға келіскен.
Дидар Сыдықбек алдағы екі ойында қалған ойыншыларға өздерін көрсетуге мүмкіндік берілгенін, егер нәтиже болмаса, команда құрамында тағы да өзгерістер болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, команданың көрсеткішін көтеру үшін кем дегенде 6-7 жаңа ойыншы қажет.