Қазақстан ҰОК бас хатшысы АОК Бас ассамблеясына қатысты

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) 45-ші Бас ассамблеясына қатысты, деп хабарлайды Sportm.kz.
Маңызды жиынға жаңадан сайланған Халықаралық Олимпиадалық комитеттің президенті Кирсти Ковентри мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) басшысы Витольд Банька арнайы қатысып, делегаттарға жылы лебізін білдірді. Олар адал ойын қағидаттарын сақтау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және спорт арқылы өзара байланысты тереңдету мәселелерін ерекше атап өтті.
«Азия әрдайым Олимпиада қозғалысында және менің жүрегімде ерекше орынға ие. Бұл — қарқыны жоғары, жігерге толы, инновациялар мен ұмтылыстарға бай аймақ. Сіздер Олимпиадалық қауымдастықтың маңызды бөлігі ғана емес, оның болашағында да шешуші рөл атқарасыздар», — деді Ковентри.
Жиын барысында Азиядағы олимпиадалық және спорттық қозғалысты дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар, АОК басшылығының, тұрақты комитеттердің және алдағы халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру комитеттерінің есептері тыңдалды.
Нақты айтқанда:
- 2025 жылы Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары
- 2026 жылы Айти-Нагоядағы жазғы Азия ойындары
- 2026 жылы Эр-Риядтағы жабық кешендегі және жекпе-жек спорт түрлерінен Азия ойындары
- 2029 жылы Неомда өтетін қысқы Азия ойындары
Жиын соңында қатысушылар АОК-нің қаржылық есебін бекітіп, келесі Бас ассамблеяның уақыты мен орнын белгіледі.