
Мөлдір алтын, Әсел күміс жеңіп алды. Мысыр астанасы Каир қаласында каратэден, каратэнің WKF бағыты бойынша премьер-лига бәсекесі өтті.
Бұл әлем үздіктері қатысатын рейтингілік жарыс. Оған 13 бірдей спортшымыз аттанған болатын. Араларынан әйелдер арасында ең жеңіл салмақтағы Мөлдір Жаңбырбай барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, алтын жүлдегер атанды. Айта кету керек, Мөлдір дәл осы жарыста тұрақты жеңіс тұғырына көтеріледі. Мәселен, Париждегі премьер-лигада қола, Ханджоуда премьер-лигада күміс жеңіп алған болатын. Енді Каирда оның қатарын алтынмен толықтырып отыр.
Бұған қоса, тағы бір қазақстандық Әсел Қанай өз салмақ дәрежесінде, яғни, 61 келіге дейінгілер арасында күміс жүлде иеленді. Әсел де Мөлдір сияқты тұрақты жоғары нәтиже көрсетеді. Ол Парижде күміс, Ханджоуда қола жепіп алған болатын. Сонымен, қос қазақ қызының арқасында жалпы есепте үшінші орынға жайғастық. Топ басында жергілікті, яғни, Мысыр спортшылары болса, екінші орынға Жапония қыз-жігіттері тұрақтады. Алда енді әлемдік премьер-лиганың соңғы, яғни, төртінші кезеңі бар. Оны мамырдың аяғына қарай Марокко астанасы Рабат қаласы қабылдайды.