Бибосынов-Дусматов кездесуі өтпейді

Қос мықты Ресейдің Хабаровск қаласындағы жарыста жолығуы қажет еді. Ол жақта Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр.
Жеребе қорытындысы бойынша, Сәкен мен Хасанбой 54 келіге дейінгілер арасында жартылай финалда жұдырықтасады. Көпшілік бұл жекпе-жекті тағатсыздана күтті. Қазақстандық Сәкен Бибосынов ширек финалда ресейлік Құрбан Байранбековты айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал, өзбекстандық Хасанбой Дусматов ширек финалда өзінің туған інісі Фарёзбек Дусматовқа жол беріп, жарыстан шығып қалды. Сәйкесінше, Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов айқасы болмайды деген сөз. Енді жартылай финалда Сәкен Бибосынов пен Фарёзбек Дусматов қолғап түйістіреді.
Халықаралық турнирдегі басқа да ұлтық құрама өкілдерінің нәтижесін айта кетейін. Жарыстың екінші күні Сәкенннен бөлек тағы бес боксшымыз жұдырықтасты. Араларында 48 келідегі Теміртас Жүсіпов қана ресейлік Михаил Прокофьевті жеңіп, келесі кезеңге өтті. Ал, Фарух Тоқтасынов, Бекзат Алдамжаров, Анастасия Баязитова және Шұғыла Нәлібайлар қарсыластарына есе жіберді. Хабаровск қаласында халықаралық турнир 20-сәуірге дейін жалғасады.