ӘУЕСҚОЙ БОКСТРЕНДТЕ
Алты боксшымыз финалға шықты

Әзірбайжан астанасы Баку қаласында былғары қолғап шеберлерінің халықаралық турнирі жалғасып жатыр.
«Жібек жолы» деп аталатын жарысқа жас боксшыларымыз аттанған болатын. Оның алтауы барлық қарсыласын жеңіп, алтынға таласуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, 75 келіде Санжарәлі Бегалиев, 71 келіде Нұрбек Мұрсал және 54 келіде Бағлан Кенжебек чемпион атануға үмітті. Санжарәлі енді Әзербайжан, ал, Нұрбек пен Бағлан Ресей боксшыларымен жолығады. Әйелдер арасында 52 келіде қазақстандық Анжа Садуақасова, 54 келіде Элина Базарова, 57 келіде Виктория Байдукова да финалда. Бұл жақта да Анжа Әзербайжан, ал, Элина мен Виктория Ресей өкілдерімен жұдырықтасады. Финалдық жекпе-жектер бүгін өтеді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан уақытымен 15:00-де басталады.