Боксшылар халықаралық турнирге аттанды

Сәкен бастаған жігіттер Хабаровскіге, ал, Дулат бастаған жігіттер Бакуге аттанды. Бокстан ұлттық құрама мүшелері халықаралық турнирлерге қатысады. Бұл алдағы құрлықтық және әлемдік аламандарға негізгі дайындық саналады.
Сонымен, бірер күннен кейін Ресейдің Хабаровск қаласында Константин Коротковты еске алуға арналған дәстүрлі жарыс басталады. Оған 16 елдің өкілдері қатысады. Араларында Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов, Бекзат Алдамжаров, Дәулет Молдашев, Бейбарыс Жексен, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Жандос Қыдыралиев, Фарух Тохтасынов, Темірлан Мұқатаев, Сағындық Тоғамбай және Нұрлан Сапарбай сияқты ұлттық құрама өкілдері бар. Олар Ресейдің Кисловодск қаласында бас бапкер Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен бірнеше апта жаттығу жинын өткізген болатын. Енді сол жақта шаршы алаңға шығып, шеберліктерін де шыңдамақ.
Ал, ұлттық құраманың тағы бір бөлігі Әзірбайжан астанасы Бакуде өтетін «Жібек жолы» турниріне қатысады. Ел намысын қорғайтын спортшылар арасында Дулат Бекбауов, Бексұлтан Боранбек, Жансері Көшербаев, Елнұр Сүйінбай, Санжаралы Бегалиев, Өнер Сейілхан және Данияр Рахымбердиев сияқты жігіттер бар. Яғни, бұл тізімде жас боксшыларға басымдық берілген. Бұған қоса, Қазақстан бокс федерациясы қос жарысқа бұрымды боксшыларды да жіберіп, тәжірибе жинауына мүмкіндік жасады.