Үш қазақ қызы «Grand Winner» атағына үміткер

Бұл –Бүкіләлемдік каратэ федерациясының әр салмақтағы ең үздік спортшыға беретін арнайы сыйлығы. Жеңімпаздар жапон жекпе-жегі бойынша әлемдік Премьер-Лига кезеңдерінің қорытындысы бойынша анықталады.
Былтыр дәл осы сыйлықты отандық спорт тарихында алғаш рет Мөлдір Жаңбырбай жеңіп алған болатын. 50 келіде өнер көрсететін қазақ қызы биыл да осы атағын сақтап қалуға үмітті. Яғни, тағы да жыл үздігі атана алады. Ол қазір әлемдік рейтингтен бірінші орында тұр. Бұған қоса, биыл үміткерлер қатарына 61 келідегі Әсел Қанай мен +68 келідегі Софья Берульцева қосылды. Қазір рейтинг бойынша Әсел өз салмағында бірінші, ал, Софья екінші орында. Енді бірер айдан кейін Марокконың Рабат қаласында Премьер-Лиганың шешуші кезеңі өтеді. Сол жерде қазақ қыздары өз мықтылығын тағы да дәлелдеп, жалпы тізімнің топ басына жайғасуы қажет. Аталмыш жарыс қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.