БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан садақ атудан Әлем кубогында жүлдеге бір қадам жетпей қалды

Қазақстан құрамасы Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан садақ атудан Әлем кубогының екінші кезеңінде жүлдеге аз ғана жетпей, төртінші орын алды.

Виктория Лян мен Мұса Ділмұхамет блоктық садақ атудан аралас командалар арасындағы жарыстың шешуші кезеңіне дейін жетті. Қола медаль үшін өткен матчта қазақстандық мергендер Эстония құрамасымен кездесті.

Тартысты өткен бәсекеде қарсыластар сәл басым түсіп, кездесу 154:153 есебімен Эстония құрамасының пайдасына аяқталды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы жарысты төртінші орынмен қорытындылады. Алтын медальді АҚШ құрамасы жеңіп алды. Америкалық спортшылар финалда Түркия командасын ұтты.

Сонымен қатар, блоктық садақ атудан Қазақстан әйелдер құрамасы да жоғары нәтиже көрсетті. Виктория Лян, Роксана Юнусова және Диана Юнусова үздік ондыққа еніп, жарысты тоғызыншы орынмен аяқтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button