ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстандық жоба UEFA байқауында қола жүлде жеңіп алды

Қазақстан футбол федерациясы жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жоба халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.

«Bolashak Charity» қоры және «Freedom Shapagat» демеушілігімен іске асқан UNI Football League бастамасы UEFA ұйымдастыратын UEFA Grassroots Awards байқауында «Үздік мүгедектік бастамасы» номинациясы бойынша қола жүлдеге ие болды.

Бұл марапат 2010 жылдан бері футболды дамытуға үлес қосқан жобалар мен ұйымдарға табысталады.

UNI Football League ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған. Жоба аутизм және Даун синдромы бар 10–18 жас аралығындағы қатысушыларға бейімделген ортада футболмен айналысуға мүмкіндік береді.

Алғашқы ұлттық турнир 2025 жылы Астанада өтті. Қазіргі таңда жоба еліміздің тоғыз қаласын қамтып, 120-дан астам баланы біріктіріп отыр. Алдағы уақытта қатысушылар санын арттыру жоспарланған.

Жоба аясында арнайы дайындықтан өткен жаттықтырушылар жұмыс істейді, бұл балалардың қауіпсіз әрі тиімді дамуына жағдай жасайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button