
Қазақстандық белгілі маман Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.
Ол осыған дейін бұл қызметті атқарған Мақсат Бақтыбазаровтың орнын басты.
Бақыт Абдрахманұлы Сәрсекбаев 1981 жылдың 29 қарашасында дүниеге келген. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының чемпионы атанып, 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарын жеңіп алды. Сондай-ақ үш дүркін Азия чемпионы болған.
2024 жылдың желтоқсанынан бері ол 22 жасқа дейінгі құраманың аға бапкері қызметін атқарды. Федерация аталған жобаның жұмысы тоқтайтынын мәлімдеді. Бұл жоба аясында даярланған боксшылар енді ұлттық құрама сапына қосылады деп жоспарланып отыр.



