ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Конькимен жүгіруден әлем кубогының Жапониядағы кезеңіне Қазақстаннан 15 спортшы қатысады

Қазақстан құрамасының конькимен жүгіруден әлем кубогының екінші кезеңіне қатысатын спортшылар тізімі жарияланды. Халықаралық жарыс 20–22 қараша аралығында Жапонияның Обихиро қаласында өтеді.

Әлем кубогының кезекті кезеңінде Қазақстан намысын 15 конькиші қорғайды. Олардың жетеуі ерлер, сегізі әйелдер арасындағы жарыстарда сынға түседі.

Ерлер құрамасына Нұралы Ақжол, Виталий Щиголев, Артур Галиев, Евгений Кошкин, Никита Важенин, Вадим Якубовский және Андрей Зуев енді.

Ал әйелдер арасында Алина Дауранова, Мария Деген, Арина Ильященко, Алина Шумекова, Инесса Шумекова, Кристина Шумекова, Кристина Силаева және Дарья Важенина ел намысын қорғайды.

Айта кетейік, 2026/27 жылғы маусымдағы әлем кубогының алғашқы кезеңі Қытай астанасы Бейжіңде өткен болатын. Үш күнге созылған жарыста Қазақстан құрамасы бір күміс медаль жеңіп алды.

Ұлттық команданың жалғыз жүлдесін Кристина Шумекова иеленді. Ол А дивизионында 1000 метр қашықтықта екінші нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Енді қазақстандық конькишілер Обихиродағы екінші кезеңде бақ сынайды. Жарыс 22 қарашада аяқталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button