ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Қазақстан конькишілері әлем кубогының алғашқы кезеңінде бір күміс медаль жеңіп алды

Қытай астанасы Бейжіңде конькимен жүгіруден 2026/27 жылғы маусымдағы әлем кубогының алғашқы кезеңі аяқталды. Үш күнге созылған халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы бір күміс медаль иеленді.

Ұлттық команданың жалғыз жүлдесін Кристина Шумекова жеңіп алды. Ол А дивизионында 1000 метр қашықтықты 1 минут 15,65 секундта жүріп өтіп, екінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ қазақстандық спортшы В дивизионында 1500 метрде тоғызыншы, 3000 метрде алтыншы нәтиже көрсетті.

А дивизионындағы 500 метрлік жарыстарда Кристина Силаева мен Евгений Кошкин сынға түсті. Силаева алғашқы сайыста 11-орын, екінші жарыста 15-орын алды. Кошкин екі жарысты тиісінше 13 және 15-орындармен аяқтады. Сонымен қатар Силаева 1000 метрде 20-орынға тұрақтады.

В дивизионында Алина Дауранова 500 метр қашықтықтағы алғашқы жарыста тоғызыншы, екіншісінде 12-орын иеленді. Артур Галиев 500 метрде 18-орын, 1000 метрде 17-орын алды. Никита Важенин 500 метрдегі екінші жарысты 19-орынмен аяқтады.

1500 метр қашықтықта Мария Деген 17-орын, Инесса Шумекова 18-орын, Нұралы Ақжол 20-орын иеленді. Ал 1000 метрде Инесса Шумекова 16-орынға, Дарья Важенина 21-орынға тұрақтады.

Ұзақ қашықтықтарда да қазақстандық спортшылар бақ сынады. Мария Деген В дивизионында 3000 метрде 14-орын алса, Вадим Якубовский 5000 метрде 17-нәтиже көрсетті.

Жарыстың соңғы күнінде командалық із кесу сайыстары өтті. Мария Деген, Кристина Шумекова және Алина Шумековадан құралған Қазақстан әйелдер құрамасы А дивизионында 3 минут 5,85 секунд нәтижесімен жетінші орынға ие болды.

Ерлер арасында Андрей Зуев, Вадим Якубовский және Виталий Щиголев В дивизионында өнер көрсетіп, 3 минут 53,88 секунд нәтижесімен алтыншы орын алды.

Бұдан бөлек, Алина Шумекова әйелдер арасындағы масс-старт жарысында тоғызыншы орынға тұрақтады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Бейжіңдегі әлем кубогының алғашқы кезеңін бір күміс медальмен қорытындылады.

Конькимен жүгіруден әлем кубогының екінші кезеңі 20–22 қараша күндері Жапонияның Обихиро қаласында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button