
Қазақстандық футбол төрешілері Болат Сәриев пен Алексей Долгих УЕФА ұйымдастыратын 19 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде қызмет атқарады. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы Төрешілік департаментінің директоры Нуну Каштру да халықаралық тағайындау алды.
11–17 қараша аралығында Сан-Маринода өтетін U-19 Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне Босния және Герцеговина, Дания, Грузия және Сан-Марино құрамалары қатысады.
Аталған жарыста қазақстандық төрешілер үш кездесуге тағайындалған. Болат Сәриев екі матчта бас төреші, тағы бір ойында төртінші төреші міндетін атқарады. Ал Алексей Долгих үш кездесуде де төрешінің көмекшісі ретінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар ҚФФ Төрешілік департаментінің директоры Нуну Каштру 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне УЕФА төрешілер инспекторы ретінде шақырылды.
Бұл турнир 11–17 қараша аралығында Данияда ұйымдастырылады. Жарысқа алаң иелерінен бөлек Ирландия, Уэльс және Эстония құрамалары қатысады.
Нуну Каштру үш матчта төрешілер бригадаларының жұмысын қадағалап, олардың шешімдері мен қызметіне кәсіби баға береді. Сондай-ақ кездесулерден кейін төрешілерге техникалық ұсыныстар жасап, жұмыс сапасын жақсартуға бағытталған талдау жүргізеді.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, мұндай халықаралық тағайындаулар отандық төрешілердің тәжірибесін арттыруға және УЕФА жарыстарындағы кәсіби біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік береді.
ҚФФ төрешілерді даярлау, олардың жұмысын бағалау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.



