Қазақстан керлингтен әлем чемпионатына іріктеуде Австрияны жеңді

Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы Шотландияның Абердин қаласында өтіп жатқан 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде екінші жеңісіне қол жеткізді.
Ұлттық команда топтық кезеңдегі үшінші кездесуінде Австрия құрамасымен ойнап, 7:4 есебімен басым түсті.
Алайда төртінші матчта қазақстандық керлингшілер Норвегия құрамасына қарсы ойында жеңіліске ұшырады. Кездесу 1:6 есебімен аяқталды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы төрт ойынның екеуінде жеңіске жетіп, екі кездесуде қарсыластарына жол берді. Бұл нәтижемен отандастарымыз А тобында бесінші орында тұр.
Топтағы көшбасшылықты Норвегия мен Түркия құрамалары бөлісіп келеді. Екі команда да алғашқы төрт кездесуінде жеңіске жеткен.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы іріктеу турнирін Данияны 5:3 есебімен жеңумен бастаған болатын. Одан кейін Түркияға 3:6 есебімен есе жіберді.
Қазақстан құрамасының алғашқы төрт матчтағы нәтижелері:
-
Қазақстан – Дания: 5:3
-
Қазақстан – Түркия: 3:6
-
Қазақстан – Австрия: 7:4
-
Қазақстан – Норвегия: 1:6
Ұлттық команда келесі кездесуін 10 қарашада Мексика құрамасына қарсы өткізеді.
Айта кетейік, Абердиндегі іріктеу турниріне 16 құрама қатысып жатыр. Командалар екі топқа бөлінген. Жарыс қорытындысында алты құрама 2027 жылғы керлингтен әлем чемпионатына жолдама алады.



