
Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстанның үш боксшысы жартылай финалға жолдама алды.
Ширек финалдық кездесулердің қорытындысы бойынша Ақнұр Тұрсынғали, Марал Төлепберген және Бибарыс Әшірбай жүлделі орындарға таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Үш спортшы да кемінде қола медальға қол жеткізді.
Қыздар арасындағы 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ақнұр Тұрсынғали финалға шығу үшін украиналық Евангелина Петрукпен кездеседі.
54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Марал Төлепбергеннің қарсыласы – Өзбекстан өкілі Сабрина Чакоманова.
Ал ерлер арасындағы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бибарыс Әшірбай мексикалық Хорхе Луис Ньеблас Гутьерреспен жұдырықтасады.
Қазақстандық боксшылардың жартылай финалдағы қарсыластары:
-
54 келі: Марал Төлепберген – Сабрина Чакоманова (Өзбекстан)
-
57 келі: Ақнұр Тұрсынғали – Евангелина Петрук (Украина)
-
70 келі: Бибарыс Әшірбай – Хорхе Луис Ньеблас Гутьеррес (Мексика)
Жартылай финалдық жекпе-жектер 11 қарашаға жоспарланған. Күндізгі сессия Астана уақытымен сағат 17:00-де, ал кешкі сессия 22:00-де басталады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында бокстан кемінде үш қола медальға ие болады. Ал жартылай финалда жеңіске жеткен спортшылар алтын жүлде үшін жұдырықтасады.



