Анастасия Городко Австриядағы халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық фристайлшы Анастасия Городко Австрияның Хинтертукс мұздығында өткен FIS Open халықаралық турнирінде могулдан жеңімпаз атанды.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Городко 74,04 ұпай жинап, барлық қарсыласынан басым түсті. Қазақстандық спортшы екінші орын алған жапониялық Мио Таниден 2,63 ұпайға озып кетті.
Күміс медаль иеленген Мио Тани 71,41 ұпай жинаса, оның отандасы Марин Ито 70,66 ұпаймен қола жүлдеге ие болды.
Бұл жарыста Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі өнер көрсетті. Юлия Феклистова 52,55 ұпай жинап, 13-орынға тұрақтады. Ал Юлия Мокина 25,63 ұпаймен 22-орын алды.
Ерлер арасындағы жарыста қазақстандық спортшылардың ішінен Павел Колмаков үздік нәтиже көрсетті. Ол 72,34 ұпай жинап, сегізінші орынға ие болды.
Федор Бугаков 66,49 ұпаймен оныншы, Максим Емельянов 65,69 ұпаймен 11-орынға жайғасты. Семен Русаков 62,60 ұпай жинап, 13-сатыдан көрінді.
Қазақстан құрамасының өзге спортшыларының нәтижелері:
-
Даниил Коротков – 20-орын
-
Ильнар Ибрагимов – 21-орын
-
Алексей Дегтярев – 24-орын
-
Дмитрий Пятаков – 43-орын
Ерлер арасындағы жарыста жапониялық спортшылар жүлделі үш орынды түгел иеленді. Такэто Нисидзава 79,63 ұпаймен жеңімпаз атанса, Иккэй Фудзимура 78,54 ұпай жинап, күміс медаль алды. Үшінші орын 75,56 ұпай еншілеген Рема Хаясиге бұйырды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Австриядағы FIS Open турнирін Анастасия Городко жеңіп алған бір алтын медальмен аяқтады.



