Қазақстан керлингтен әлем чемпионатының іріктеу кезеңін жеңіспен бастады

Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы Шотландияның Абердин қаласында өтіп жатқан 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде алғашқы кездесулерін өткізді.
Ұлттық команда жарыстың бірінші ойынында Дания құрамасымен кездесіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Алайда екінші матчта қазақстандық керлингшілер Түркия құрамасына 3:6 есебімен жол берді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы екі кездесудің қорытындысында бір жеңіс пен бір жеңіліс тіркеді.
Отандастарымыз іріктеу турнирінің А тобында өнер көрсетіп жатыр. Бұл топта Қазақстаннан бөлек Австрия, Норвегия, Түркия, Дания, Испания, Мексика және Гонконг құрамалары бақ сынайды.
Қазақстан құрамасының сапында бес спортшы бар:
-
Абылайхан Жүзбай;
-
Әділ Жұмағожа;
-
Айдос Аллияр;
-
Мадияр Қорабаев;
-
Дмитрий Гарагуль.
Әлем чемпионатына іріктеу жарысына барлығы 16 ұлттық құрама қатысып жатыр. Командалар екі топқа бөлінген.
Турнир қорытындысы бойынша үздік алты құрама 2027 жылғы керлингтен әлем чемпионатына қатысу құқығын иеленеді.
Қазақстандық керлингшілер алдағы кездесулерде жолдама үшін күресін жалғастырады.



