ТРЕНДТЕХОККЕЙ

Қазақстан хоккейшілері үшінші жыл қатарынан Азия чемпионы атанды

Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен Азия чемпионатында жеңіске жетті. Ұлттық команда турнирдегі барлық кездесуінде басым түсіп, құрлық біріншілігінің алтын медалін иеленді.

Чемпионаттың шешуші ойынында қазақстандық хоккейшілер жарыс қожайыны Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Тартысты өткен матчтың негізгі уақытында да, қосымша кезеңінде де командалар есеп аша алмады.

Жеңімпаз буллиттер сериясында анықталды. Қазақстан құрамасы шешуші сәтте 4:3 есебімен басым түсіп, Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

Бұған дейін ұлттық құрама алғашқы кездесуінде Жапонияны 3:2 есебімен жеңген болатын. Ал екінші ойында Қытай құрамасын 5:0 есебімен ойсырата ұтты.

Осылайша, қазақстандық хоккейшілер үш кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, турнирді бірінші орынмен аяқтады.

Бұл – Қазақстан құрамасының қатарынан үшінші Азия чемпиондығы. Бұған дейін отандастарымыз 2024 және 2025 жылдары да құрлық біріншілігінде топ жарған еді.

Биылғы чемпионаттың күміс жүлдесі Жапония құрамасына бұйырды. Ал Оңтүстік Корея хоккейшілері үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасы осылайша Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап, құрлық чемпионатындағы жеңісті сериясын жалғастырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button