ТРЕНДТЕФУТБОЛ

«Ордабасы» «Қайсарды» ірі есеппен жеңіп, Қазақстан кубогын үшінші рет иеленді

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Түркістанда өткен финалдық кездесуде шымкенттіктер Қызылорданың «Қайсар» командасын 4:1 есебімен жеңді.

Матчтың 7-минутында С. Астанов есеп ашып, «Ордабасыны» алға шығарды. Бірінші таймның аяқталуына жақын, 41-минутта Йонсен қарсылас қақпасына екінші голды соқты.

Үзілістен кейін де шымкенттік команда басымдығын сақтады. 60-минутта Абагна есепті 3:0-ге жеткізсе, 71-минутта Э. Астанов төртінші голдың авторы атанды.

«Қайсар» сапынан 84-минутта Агостиньо мергендік танытып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда қызылордалықтар ойын барысын өзгерте алмады. Кездесу 4:1 есебімен аяқталды.

Осылайша, «Ордабасы» өз тарихында үшінші рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. Шымкенттік клуб бұған дейін 2011 және 2022 жылдары ел кубогының иегері атанған болатын.

Сонымен қатар «Ордабасы» бір маусымда Қазақстан Премьер-лигасы мен ел кубогында топ жарып, «алтын дубль» жасаған алтыншы клуб ретінде тарихқа енді.

Бұған дейін мұндай жетістікке «Қайрат» (1992), «Спартак» (1995), «Жеңіс» (2001), «Ақтөбе» (2008) және «Астана» (2016) клубтары қол жеткізген.

Осылайша, шымкенттік команда маусымды екі бірдей ірі отандық трофеймен аяқтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button