
Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. 6 қарашада өткен финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесінің жеңімпаздары анықталды.
Ел біріншілігінің басты жаңалықтарының бірі 60 келі салмақта тіркелді. Жетісу облысының 19 жастағы өкілі Әділбек Қожахан финалда Бибарыс Жексенді жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Жас боксшы бұған дейін жартылай финалда әлем және Азия чемпионы Оразбек Асылқұловты жарыс жолынан шығарған болатын.
65 келі салмақта шымкенттік Абзал Серік финалда Париж Олимпиадасының қатысушысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлынан басым түсті. Ал 80 келіде жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар-Әли Бегалиев тағы бір жастар арасындағы әлем чемпионы Өнер Сейілханды жеңіп, алтын медаль иеленді.
75 келіде алматылық Нұрбек Мұрсал чемпион атанды. Ол шешуші кездесуде Түркістан облысының өкілі Аман Қонысбековті жеңді. Бұл салмақта әлем чемпионатының финалисі Әбілхан Аманқұл қола жүлдемен шектелді.
Ауыр салмақтарда да тартысты кездесулер өтті. 90 келіде ақтөбелік Дәулет Төлемісов Сағындық Тоғамбайдан басым түссе, 90 келіден жоғары салмақта алматылық Данияр Рахымбердинов алтын медаль жеңіп алды.
Ерлер арасындағы Қазақстан чемпиондары:
-
50 келі – Нұрзат Оңғаров (Жамбыл облысы)
-
55 келі – Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда облысы)
-
60 келі – Әділбек Қожахан (Жетісу облысы)
-
65 келі – Абзал Серік (Шымкент)
-
70 келі – Фарух Тоқтасынов (Алматы)
-
75 келі – Нұрбек Мұрсал (Алматы)
-
80 келі – Санжар-Әли Бегалиев (Шымкент)
-
85 келі – Темірлан Мұқатаев (Астана)
-
90 келі – Дәулет Төлемісов (Ақтөбе облысы)
-
90 келіден жоғары – Данияр Рахымбердинов (Алматы)
Әйелдер арасындағы жарыста да бірнеше маңызды нәтиже тіркелді. 54 келі салмақта шымкенттік Элина Базарова финалда әлем чемпионы Назым Қызайбайды жеңіп, ел біріншілігінің алтын медалін иеленді.
57 келіде жастар арасындағы әлем чемпионы Ұлжан Сәрсенбек Шахназ Исаевадан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды.
65 келіде Қарағанды облысының өкілі Аида Әбікеева алтын медаль жеңіп алды. Ал 60 келіде Виктория Графеева, 80 келіден жоғары салмақта Елдана Талипова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Әйелдер арасындағы Қазақстан чемпиондары:
-
48 келі – Гүлназ Бөрібаева (Қарағанды облысы)
-
51 келі – Анита Адишева (Қарағанды облысы)
-
54 келі – Элина Базарова (Шымкент)
-
57 келі – Ұлжан Сәрсенбек (Түркістан облысы)
-
60 келі – Виктория Графеева (Алматы)
-
65 келі – Аида Әбікеева (Қарағанды облысы)
-
70 келі – Бақыт Сейдіш (Алматы)
-
75 келі – Шұғыла Нәлібай (Түркістан облысы)
-
80 келі – Надежда Рябец (Қостанай облысы)
-
80 келіден жоғары – Елдана Талипова (Алматы)
Жарыс қорытындысында Алматы қаласының боксшылары бес алтын медаль жеңіп алды. Шымкент пен Қарағанды облысының спортшылары үш реттен чемпион атанса, Түркістан облысының өкілдері екі алтын иеленді.
Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Астана, Ақтөбе және Қостанай облыстары мен қалаларының спортшылары да чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Осылайша, Тараздағы Қазақстан чемпионатында 20 алтын, 20 күміс және 40 қола медаль иегері анықталды.



