
Қазақстан құрамасы Бахрейннің Манама қаласында өткен семсерлесуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатын 11 жүлдемен аяқтады. Ұлттық құрама үш алтын, төрт күміс және төрт қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Қазақстандық спортшылар арасында Кирилл Проходов екі мәрте Азия чемпионы атанды. Ол алдымен шпагамен семсерлесуден жекелей сында алтын медаль жеңіп алды. Кейін Михаил Кузьмин, Георгий Тинников және Жанарбек Жанұзақовпен бірге командалық жарыста да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Үшінші алтын медальді Қазақстанның әйелдер құрамасы саблядан командалық бәсекеде иеленді. Диляра Исабекова, Полина Ко, Адема Серікбай және Қайша Жәнібек қарсыластарынан басым түсіп, құрлық чемпионы атанды.
Бұл жарыста Қайша Жәнібек пен Диляра Исабекова жекелей сында да жүлдеге қол жеткізді. Қайша финалға дейін жетіп, күміс медаль алса, Диляра үшінші орынға тұрақтады.
Шпагадан әйелдер арасындағы жекелей сайыста Мария Лесовская күміс, ал Полина Лесовская қола жүлдегер атанды. Кейін қос спортшы Каролина Фомина және Наталья Зиняковамен бірге командалық жарыста екінші орын алды.
Ерлер арасында рапирадан командалық бәсекеде Ғалым Нұрымов, Тимофей Семёнов, Евгений Токанов және Мансұр Естеу күміс медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасы командалық сайыстарда тағы екі қола жүлде иеленді. Әйелдер арасында рапирадан София Актаева, Ксения Андреева, Алена Гноева және Алина Искандерова үшінші орынға шықты.
Ал ерлер арасындағы сабля жарысында Бексұлтан Әбжал, Қуаныш Ерғашбай, Ерхан Қараман және Қайназар Нұрқатұлы қола медальға қол жеткізді.
Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер Манамадағы U23 Азия чемпионатында жекелей және командалық жарыстарда 11 медаль жеңіп алып, құрлық біріншілігінің жалпыкомандалық есебінде үздік екілікке енді.



