
Қазақстандық төрт футбол төрешісі УЕФА Жастар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы кездесулерге тағайындалды. Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік департаментінің директоры Нуну Каштру Чехияда өтетін матчта УЕФА инспекторы қызметін атқарады.
3 қарашада Венгрияның Дьёр қаласында Израильдің «Маккаби» Тель-Авив және Швейцарияның «Цюрих» командалары кездеседі. Бұл ойынға Қазақстаннан үш төреші шақырылған.
Матчтың бас төрешісі Болат Сәриев болады. Оған алаңда Юрий Тихонюк пен Дмитрий Белоградов көмектеседі. Ал төртінші төреші міндетін венгриялық Бенце Ханьец атқарады.
4 қарашада Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Венгрияның МТК Будапешт командасы кездеседі. Бұл матчқа қазақстандық Кирилл Ткачёв төртінші төреші болып тағайындалды.
Алматылық кездесуге Әзербайжан төрешілері қызмет көрсетеді. Бас төреші – Турал Курбанов, оның көмекшілері – Джамиль Гулиев пен Муслум Алиев.
Сондай-ақ 4 қарашада Чехияның Градец-Кралове қаласында жергілікті команда мен Албанияның «Партизани» клубы арасындағы матч өтеді.
Аталған кездесуде ҚФФ Төрешілік департаментінің директоры Нуну Каштру УЕФА төрешілер инспекторы міндетін атқарады. Ойынның бас төрешісі болып мальталық Алекс Джонсон бекітілген. Оған отандастары Курт-Оуэн Салиба мен Марк Чантар көмектеседі. Төртінші төреші – чехиялық Ян Бенеш.



