БОКСТРЕНДТЕ

Қазақстан боксшылары U19 әлем чемпионатында сегіз медаль жеңіп алып, төртінші орынға ие болды

Қазақстан құрамасы Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатын сегіз медальмен аяқтады. Ұлттық құрама бір алтын, үш күміс және төрт қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады.

Қазақстанға жалғыз алтын медальді 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Зарина Толыбай әкелді. Ол финалдық жекпе-жекте Ресей өкілі Самира Итониеваны жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Тағы үш қазақстандық боксшы финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді. 57 келіде Алина Құдайгенова ресейлік Анастасия Голуновадан жеңілсе, 70 келіде Бибарыс Әшірбай ирландиялық Джон Донохиге есе жіберді. Ал 90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов Өзбекстан өкілі Ислам Салиховқа жол берді.

Қазақстан құрамасының тағы төрт өкілі қола жүлдегер атанды. Олар – Мадира Жұмақан (51 келі), Индира Қыдырмолдаева (60 келі), Данияр Ақбисенов (60 келі) және Еркетаң Жарқынбек (90 келі).

Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы бес алтын және бес күміс медальмен бірінші орын алды. Өзбекстан боксшылары үш алтын, екі күміс және екі қоламен екінші орынға жайғасса, екі алтын, бір күміс және екі қола жүлде жеңіп алған АҚШ құрамасы үшінші орынға шықты.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Будвадағы әлем чемпионатын сегіз жүлдемен қорытындылап, жалпыкомандалық есепте үздік төрттікке енді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button