БАСҚАЛАРЫ

Қазақстанда Спорт күніне орай 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылады

Қазақстанда тамыз айының әр үшінші жексенбісінде Спорт күні атап өтіледі. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде бір апта бойы түрлі спорттық іс-шаралар өткізіледі.

Мерекелік апта аясында республика бойынша 250-ден астам спорттық шара ұйымдастыру жоспарланған. Бағдарламаға бұқаралық жарыстар, спартакиадалар, турнирлер, чемпионаттар, жүгіру марафондары, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар және спорт ардагерлерімен кездесулер кіреді.

Іс-шараларға кәсіби спортшылармен қатар балалар мен жасөспірімдер, спорт саласының мамандары, ардагерлер және қала тұрғындары қатысады. Негізгі мақсат – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және халықты тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға ынталандыру.

Спорт күніне арналған республикалық бағдарламаның аясында Туризм және спорт министрлігі екі ірі іс-шара өткізуде.

11–15 тамыз аралығында Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде дене шынықтыру және спорт мекемелерінің қызметкерлері арасында республикалық жарыс өтеді. Бәсеке спорт саласының мамандарын біріктіріп, командалық байланысты нығайтуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 12 тамызда спорт ардагерлері арасында асық ату, үстел теннисі және дойбыдан жарыстар ұйымдастырылуда.

13 тамызда Қазақ ұлттық спорт университетінде «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің пленарлық сессиясы өтеді. Жиын барысында қазіргі спорттағы реформалар, ардагер спортшылар мен сала мамандарын қолдау, сондай-ақ спорт медицинасындағы өзгерістер мен даму бағыттары талқыланады.

Мерекелік апта барысында өңірлерде де түрлі спорттық шаралар өтеді. Талдықорғанда спорт мекемелері қызметкерлерінің облыстық спартакиадасы, Атырауда жасөспірімдер арасындағы кросс жарысы, Алматыда Спорт күніне арналған фестиваль мен әуесқой велоспортшылар арасындағы Gran Fondo World Championship әлем чемпионаты ұйымдастырылады.

Қарағандыда QARAQANDY HALF MARATHON – 2026 жартылай марафоны, Астанада бұқаралық веложарыс, «Astana Handball DAY» ашық гандбол турнирі және байдарка мен каноэде есуден қала чемпионаты өтеді.

Ақтауда «Жас батыр» таеквондо кубогі, Шымкентте TARTYL FEST спорттық-бұқаралық фестивалі, Қостанайда KOSTANAY HALF MARATHON жеңіл атлетикалық марафоны ұйымдастырылады.

Спорт күніне арналған бұл шаралар кәсіби спортты ғана емес, бұқаралық спортты дамытуға, халықтың дене белсенділігін арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button