БАСҚАЛАРЫ

Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан әлем чемпионатында үш финалға өтті

Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында көркем гимнастикадан әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аяқталды. Қазақстан құрамасының өкілі Ақмарал Ерекешева үш бағдарлама бойынша финалға жолдама алды.

Ересектер арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет өнер көрсетіп жатқан қазақстандық гимнаст жекелей көпсайыста 84,200 ұпай жинап, 18 финалистің қатарына кірді. Ол іріктеу кезеңін сегізінші орынмен аяқтады.

Ерекешева жекелей жаттығуларда да жоғары нәтиже көрсетті. Ұршықтармен орындалатын бағдарламада 29,000 ұпай жинап, төртінші орынға ие болды. Таспамен орындалатын жаттығуда 28,350 ұпай алып, тағы да төртінші нәтиже көрсетті. Бұл екі бағдарлама бойынша да финалға үздік сегіз гимнаст өтті.

Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі Айбота Ертайқызы шешуші кезеңге өте алмады. Ол көпсайыста 24-орынға тұрақтады. Жекелей жаттығуларда шығыршықпен 10-орын, доппен 33-орын, ұршықтармен 15-орын және таспамен 32-орын алды.

Әлем чемпионатының финалдық кезеңі 14 тамызда басталады. Ақмарал Ерекешева үш бағдарлама бойынша жүлдеге таласады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button