
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан Әлем кубогының кезеңінде ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының жеті боксшысы кемінде қола жүлдені өздеріне қамтамасыз етті.
51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова ирландиялық Даяна Мурхаузды 5:0 есебімен айқын жеңді. Осы салмақтағы тағы бір табысты өнерді Виктория Графеева көрсетті. Ол 60 келіде канадалық Мари аль Ахмадиді 5:0 есебімен ұтты.
65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева марокколық Доуа Закиден 5:0 есебімен басым түсті. Ал 85 келіге дейінгі салмақта Сұлтан Айбарұлы италиялық Паоло Карусоны 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті.
80 келіге дейінгі салмақта Диас Молжігітов англиялық Оладжимеджи Шиттуды 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Ал 50 келіде Даниял Сәбит марокколық Иссам Бесярдан 0:5 есебімен жеңіліп қалса, 70 келіде Фарух Тоқтасынов әзербайжандық Наби Исгандаровқа 2:3 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ 75 келіде Санжарәлі Бегалиев әзербайжандық Сейджамшид Джафаровтан 1:4 есебімен ұтылды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының жеті боксшысы турнирдің жүлдесіне ілікті. Айта кетейік, Жібек Жарасқызы (80 келіге дейін) жарысты жартылай финалдан бастайды. Ол польяк Эмилия Котерскамен кездеседі. Ал Валерия Аксенова (+80 келі) жеребе нәтижесінде бірден финалға жолдама алып, венгриялық Жофия Сирамен алтын жүлде үшін жұдырықтасады.



