Eindhoven Cup: Қазақстандық боксшылар жеңісті жалғастырды, Сабырхан жарысты аяқтады

Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан Eindhoven Cup халықаралық турнирінде 7 маусым күні қазақстандық бірнеше боксшы шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды SportM.kz.
Күні бойы өткен жекпе-жектерде Қазақстан құрамасынан алты спортшы сынға түсті. Бесеуі қарсыластарын жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Тек Махмұд Сабырхан ғана жарысты ерте аяқтады.
Нәтижелер:
▪️ 50 кг – Даниял Сәбит төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен украиналық Максим Рудикті жеңді.
▪️ 55 кг – Махмұд Сабырхан украиналық Максим Зименкоға төрешілер шешімімен жол берді.
▪️ 65 кг – Ертуған Зейнуллинов даниялық Абдулла Абу-Арабпен кездесуде жеңіске жетті. Қарсыласы жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады.
▪️ 70 кг – Абылайхан Жүсіпов германиялық Симон Ритті төрешілер шешімімен жеңді.
▪️ 75 кг – Сабыржан Аққалықов нидерландтық Сайрус Клариндадан басым түсіп, жарысты жалғастыруда.
▪️ 80 кг – Ерасыл Жақпеков бельгиялық Энди Симбамен кездесуде қарсыласы үшінші раундта жарақатына байланысты бас тартты.
Турнир 9 маусымға дейін жалғасады. Қазақстандық спортшылардың жартылай финалдағы кездесулері алдағы күндері өтеді.