
6–17 мамыр аралығында Италия астанасы Римде өтетін WTA 1000 және ATP Masters 1000 санатындағы ірі турнирдің жеребесі тартылып, қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды Sportm.kz.
Әйелдер арасындағы жарысты Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева екінші айналымнан бастайды. Рыбакина алғашқы ойында әлемнің 47-ракеткасы жапониялық Моюка Учижима немесе рейтингте 63-орында тұрған германиялық Ева Лиспен кездеседі.
Ал Юлия Путинцева өз жекпе-жегін америкалық Алисия Паркс (WTA №51) немесе румыниялық Жаклин Кристианмен (WTA №74) өткізеді.
Еске сала кетейік, өткен жылы дәл осы турнирде Польша өкілі Ига Швентек финалда Арина Соболенконы жеңіп, чемпион атанған болатын.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик (ATP №76) алғашқы айналымда ресейлік Роман Сафиуллинмен кездеседі. Қарсыласы рейтингте Бубликтен бір саты төмен орналасқан.