
Күрес түрлері бойынша Азия чемпионатында жүлде алған спортшылар сыйлықсыз қалды, деп хабарлайды sportm.kz.
Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов фейсбуктағы парақшасында жазба жариялады.
Көрші қырғыз елінің күрес федерациясы Азия чемпионатында топ жарған палуандарына ақшалай сыйақы берген. Яғни, алтын жүлдегерге — 200 мың, күміс жүлдегерге – 150 мың, қола медаль иелеріне – 100 мың сомнан табысталған. Ұлттық валютаға шаққанда 1 миллион теңгенің ар жақ-бер жағы екен.
Қалай болғанда да, қырғыздар чемпионарын елеусіз қалдырмады. Барынша құрмет көрсетіп, мүмкіндігінше мотивация беріп жатыр. Ал біздің балуандар елеусіз қалды. Қазақстан құрамасы байрақты бәсекеде 2 алтын, 4 күміс және 5 қола жеңіп алды. Әсіресе, Жәмиля Бақбергенованың еңбегі ерекше. Ол төртінші мәрте құрлықтық додада топ жарып тұр. Жалпы қандай жарыс болмасын, осы қыз үнемі құтқарады. Барын да, жанын да салып күреседі. Жарысқа дейінгі жаттығуды айтсаңызшы. Қаншама тер, қаншама еңбек. Жарақаты бар, басқасы бар дегендей. Өкініштісі, керек кезде қолданып, одан кейін елемей кетеміз. Мен тек Жәмиляны ғана айттым. Дәл солай Нұрқожа Қайпанов та алтын жүлде алып, елдің еңсесін көтерді. Түннің бір уақытында қалай қуандық?! Ризабек пен Болаттың, Әлімхан мен Омардың күмісі бар. Бұған қоса, бес бірдей жігітіміз қола жүлде жеңіп алды. Нәтиже жақсы болсын, жаман болсын, балуандар барын салды. Қолдан келгенше ел абыройын асқақтатты. Оларды көріп өсіп келе жатқан мыңдаған өрен бар. Олар да барлығын көріп-біліп отыр. Сәйкесінше, мына жағдайдан кейін таулары шағылуы мүмкін ғой,-деді ол.
Бірер ай бұрын бокстан да дәл осылай Азия чемпионаты өтті. Ол кезде жауапты федерация жеңімпаздарға 3500 миллион теңгеден табыстаған
Бапкерлері мен мамандар да назардан тыс қалмады. Тіпті, қола жүлде алса да, бес баланың анасы Әйгерім Сәттібаеваға 5 миллион теңге берді. Оны, әрине, басқа спорт түрінің өкілдері де көріп отыр. Спортшылар мен сияқты ашық айта алмайтын шығар. Бірақ іштері ашиды ғой. Бірдей деңгейдегі жарыстарға барады. Бірдей деңгейдегі медальдар алады. Әнұран ойнатады. Көк туды көтереді. Бірақ, жағдай, өкінішке орай…,-деді Аслан Қаженов.