Сұрмергендер халықаралық жарыста топ жарды

Қоржынымызда 4 медаль. Оның екеуі алтын. Қазақстандық сұрмергендер Қатар еліндегі халықаралық турнирге қатысып, бірінен соң бірі жеңіс тұғырына көтеріліп жатыр.
«Қатар Гран-Приі» деп аталатын стенд ату шеберлерінің бәсекесіне 30 елден 250 спортшы жиналды. Араларынан скит бағытында қазақстандық Диана Сабекова ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Артынша оның жеңіс жолын ерлер арасында тағы бір қазақстандық Артем Седельников жалғады. Айта кету керек, қос спортшы да жасөспірімдер санатында сынға түскен еді. Ал, ересектер арасында қазақстандық Ольга Панарина күміс, ал, Зоя Кравченко қола жүлдеге қол жеткізді.
Доха қаласындағы жарыс әлі де жалғасып жатыр. Сәйкесінше, Қазақстан қоржынындағы медальдар саны артуы мүмкін. Байрақты бәсекенің жалпы қорытындысы 22-ші ақпанда белгілі болады.