Таеквондодан ел үздіктері анықталды

Ел үздіктері анықталды. Алматы облысында таеквондодан, таеквондоның олимпиадалық бағытынан ересектер мен кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ішкі біріншілікке еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Олар 16 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.

Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан қазылары төрелік еткен жарыста 63 келіде өнер көрсеткен Самирхон Абабакиров қарсылас шыдатпады. Ол финалда Нұрбек Ғазезден басым түсті. Қос мықтының айқасын көпшілік тағатсыздана күткен еді. Дәл осылай, Бегзод Қадірқұлов, Дамир Шуленов, Бауыржан Хасенов, Нұрлан Мырзабаев, Тамирлан Тілеулес, Бекасыл Ергеш және Батырхан Төлеуғали өз салмақ дәрежелерінде ел чемпионы атанды. Ал әйелдер арасында 53 келіде Азиза Қаражанова, 57 келіде Мария Севостьянова және 73 келіден жоғары салмақта Меруерт Тікебаева жеңімпаз болды. Бұған қоса, Айдана Құмартаева, Айша Әділбекқызы, Назым Махмұтова, Нодира Ахмедова және Нұрай Құсайынова да өз салмақтарында алтын жүлдеге қол созды.

«Біздің спорт түріміз Қазақстандағы басымдық берілетін негізгі 5 спорт түрінің бірі болып саналады. Жалпы спортшыларымыздың деңгейі жоғары. Біздің қыз-жігіттер барлық олимпиадаға қатысып жүр. Лицензия алып жүр. Ішкі біріншілікті өткізіп, жүйені реттеп аплғаннан кейін Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиадаға дайындықты бастаймыз» — дейді Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Айзат Қарашашев.
Жеңімпаздар алдағы жылы өтетін халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайтын болады.