Спорт Министрі | Қазақстан құрамасының чемпиондары мен бапкерлеріне төленетін сыйақы ережелеріне өзгерістер енгізілді
ТРЕНДТЕ

Қазақстан құрамасының чемпиондары мен бапкерлеріне төленетін сыйақы ережелеріне өзгерістер енгізілді

2025 жылғы 31 шілдеде Туризм және спорт министрінің бұйрығымен халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, олардың бапкерлеріне және құрамалар мүшелеріне арналған ақшалай көтермелеу ережелеріне өзгерістер енгізілді.

Жаңа өзгерістер неге қатысты?

1. Бапкерлер санаттары нақтыланды:
Енді спортшыларды дайындауға қатысқан келесі бапкерлерге нақтылау енгізілді:

  • Бірінші бапкер – спортшыны бастапқы кезеңде кемінде 3 жыл жаттықтырған маман;

  • Жеке бапкер – спортшы ұлттық құрама құрамында болмаған кезде кемінде 3 жыл бойы оны жеке жоспармен жаттықтырған маман;

  • Командалық спорт түрлерінің жаттықтырушысы – арнайы бағыт (техникалық, тактикалық, жалпы физикалық) бойынша жаттығу жүргізетін немесе ұлттық құрама бас бапкерімен бірге спортшыларды дайындайтын маман;

  • Ұлттық құрама бас бапкері – командаға толық жауапты, оны әлем чемпионаттары, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және өзге де халықаралық жарыстарға дайындайтын жетекші маман.

2. Сыйақы алуға үміткер спортшылар қатары кеңейді:
Енді Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында 4–6 орын алған спортшылар және олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік рекорд орнатқандар да сыйақы ала алады.


Жеке спорт түрлері бойынша бапкерлерге сыйақы үлесі:

  • Бірінші бапкер – 10%

  • Жеке бапкер – 80%

  • Ұлттық құрама бас бапкері – 10%

Егер бір бапкер бірнеше рөлді қатар атқарса (мысалы, жеке және бас бапкер болса), онда төлемдер қосылып есептеледі.


Командалық спорт түрлерінде:

  • Бас бапкер мен екі жаттықтырушыға (командада екі спортшыдан көп болса) 100% көлемінде сыйақы төленеді.

  • Бұл бапкерлер ұлттық аккредиттелген спорт федерацияларының жаттықтырушылар кеңесі бекіткен хаттамамен анықталады.


Қаржыландыру көзі және рәсімдеу тәртібі:

  • Құжаттарды жарыс аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде ұлттық аккредиттелген спорт федерациялары ұсынуы тиіс.

  • Төлемдер:

    • Республикалық бюджет есебінен — ағымдағы жылдың соңына дейін

    • Үкімет резерві есебінен — Олимпиада, Азия ойындары, Универсиада сынды ірі жарыстар үшін

  • Ақшалай сыйақы жарыс өткен күнгі валюта бағамымен есептеліп, спортшылар мен бапкерлердің банктік шоттарына аударылады.


Бұйрық 2025 жылғы 15 тамыздан бастап күшіне енеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button