
21 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Sharjah Masters 2025 супертурнирінде өзінің үшінші гроссмейстерлік нормасын орындап, 2500 рейтингтік межеден асып түсті, деп хабарлайды SportM.kz.
Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жарысқа әлемнің 64 гроссмейстері қатысты. Бибісара үздік 30 ойыншының қатарына енді. Бұдан да маңыздысы — ол әйелдер арасындағы ең жоғары нәтиже көрсетіп, әйелдер Гран-приінің жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты артта қалдырды.
Осы жетістігімен Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында әйелдер арасындағы екінші гроссмейстер атанбақ. Бұған дейін бұл атаққа тек Жансая Әбдімалік ие болған.
ФИДЕ кеңесінің алдағы отырысында бұл мәртебе ресми түрде бекітіледі деп күтілуде.