Мемлекеттің қаржысына салынған спорттық нысандарды конценттер мен көрмелер өткізуге емес, жаттығулар мен жарыстар өткізуге қолдану қажет. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов мәлімдеді.
Ол Алматы қаласындағы бірнеше спорттық инфрақұрылымды арнайы аралап, жағдайымен танысты. Көпшілік көкейінде жүрген мәселелерді көтерді. Әсіресе, осы нысандар жергілікті жұртқа барыша қолжетімді болу керектігін алға тартты. Әйтпесе, жалға алу ақысын шарықтатып, оны басқа мақсаттарда пайдаланатын басшылар бар. Алдағы уақытта осы проблеманы жіті назарда ұстайтынын жеткізді.
«Осы спорттық нысандардың күтіміне мемлекеттен үлкен көлемде ақша бөлінеді. Ал, оның ішіндегі коммерциялық нысандар қалай қолданылып жатыр? Өзекті сұрақ. Бұған қоса, концерттер мен көрмелер өтіп жатады. Спорт нысаны ретінде салынғаннан кейін спортшыларға қолжетімді болуы қажет. Спорттық шаралар мен жаттығу жұмыстары ұйымдастылуы тиіс. Алдағы уақытта осының барлығын қадағалаймыз» — деді депутат.