
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының 2028 жылғы әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталды. Жеребе тарту рәсімі УЕФА-ның Швейцарияның Ньон қаласындағы штаб-пәтерінде өтті.
Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-топқа түсіп, Беларусь және Албания құрамаларымен кездесетін болды.
Әлем чемпионаты іріктеуінің негізгі кезеңіне Еуропаның 36 ұлттық құрамасы қатысады. Командалар үш құрамадан 12 топқа бөлініп, матчтар өз алаңында және сырт алаңда екі айналымдық жүйемен өтеді.
Негізгі раундтың ойындары 2026 жылғы 12-21 қазан, 2-11 қараша, 6-9 желтоқсан аралығында, сондай-ақ 2027 жылғы 22 ақпан мен 3 наурыз аралығында ұйымдастырылады.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша барлық 12 топтың жеңімпазы мен екінші орын алған үздік төрт құрама элиталық кезеңге тікелей жолдама алады. Ал қалған сегіз екінші орын иегері плей-оффта әлем чемпионатының келесі кезеңіне шығу үшін өзара бақ сынайды.
Қазақстан құрамасы үшін Беларусь пен Албанияға қарсы кездесулер 2028 жылғы әлем чемпионатына жолдама алудағы маңызды сынақ болмақ.



