
3–4 мамыр күндері Қазақстан Премьер-лигасының 8-туры өтіп, бірқатар күтпеген нәтижелер тіркелді. Кейбір фавориттер ұпай жоғалтса, аутсайдерлер мінез танытты .
Турдың басты сенсацияларының бірі – «Каспийдің» өз алаңында «Астананы» 1:0 есебімен жеңуі болды. Ақтаулық клуб матч соңында автоголдың арқасында жеңісті жұлып алды.
Сондай-ақ «Ұлытау» бұған дейін жеңіліс көрмеген «Елімайды» 1:0 есебімен ұтып, турнир кестесінде жоғарылады. Ал «Оқжетпес» сырт алаңда «Қызылжарды» 1:0 есебімен жеңіп, үздік үштікке енді.
Орталық матчта «Ордабасы» өз алаңында «Ақтөбені» 2:0 есебімен жеңіп, ұпай саны бойынша «Қайратпен» теңесті. Ал алматылық клуб сырт алаңда «Ертісті» 1:0 есебімен ұтып, көшбасшылық орнын сақтап қалды.
Қалған кездесулерде «Жеңіс» соңғы минуттағы голдың арқасында «Тобылды» 1:0 есебімен жеңсе, «Атырау» «Алтайдан» 1:0 есебімен басым түсті. «Қайсар» мен «Жетісу» 1:1 есебімен тең тарқасты.
Осылайша, 8-тур Қазақстан чемпионатындағы бәсекенің күшейгенін көрсетті. Келесі тур ойындары 9–10 мамыр күндеріне жоспарланған.



