
АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында отырып ойнайтын волейболдан әлем кубогі өз мәресіне жетті. Жарыстың қорытынды кезеңінде Қазақстан құрамасы қола медаль үшін өткен кездесуде АҚШ құрамасымен бақ сынап, сенімді жеңіске жетті.
Бауыржан Тахауовтың шәкірттері алғашқы екі партияда 25:23 және 25:18 есебімен басым түсті. Үшінші сетті алаң иелері өз пайдасына шешкенімен (25:15), төртінші партияда қазақстандықтар қайта ойын тізгінін өз қолына алды — 25:23. Қорытынды есеп — 3:1.
Осылайша, Қазақстан параволейбол құрамасы 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына жолдама беретін рейтингтік ұпайларға ие болып, әлем кубогін үшінші орынмен аяқтады.
Бұған дейін топтық кезеңде қазақстандықтар Таиланд құрамасын 3:0 (25:15, 25:8, 25:14) есебімен жеңген. Тек жартылай финалда Мысыр құрамасынан 0:3 (12:25, 23:25, 18:25) есебімен есе жіберген болатын.



