ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан әйелдер құрамасының Ұлттар лигасындағы қарсыластары 3 қарашада анықталады

Қазақстан әйелдер футбол құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 2027 жылғы маусымындағы қарсыластарын 3 қарашада біледі. Топтық кезеңнің жеребесі Швейцарияның Ньон қаласында тартылады.

Жеребе тарту рәсімі Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады. Қазақстан құрамасы С лигасында өнер көрсетіп, екінші себеттен орын алды.

С лигасына барлығы 22 ұлттық құрама қатысады. Олар алты топқа бөлінеді. Төрт топта төрт командадан, қалған екі топта үш командадан болады.

Жеребе алдындағы себеттер төмендегідей жасақталған:

1-себет: Словакия, Израиль, Черногория, Латвия, Мальта, Люксембург.

2-себет: Хорватия, Қазақстан, Әзербайжан, Фарер аралдары, Молдова, Босния және Герцеговина.

3-себет: Эстония, Кипр, Армения, Грузия, Болгария, Солтүстік Македония.

4-себет: Андорра, Лихтенштейн, Гибралтар, Сан-Марино.

Құрамалар A, B және C лигаларына әйелдер арасындағы әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңіндегі қорытынды рейтинг негізінде бөлінді.

Жеребе кезінде УЕФА бекіткен бірқатар шектеу ескеріледі. Атап айтқанда, Әзербайжан мен Армения құрамалары бір топқа түсе алмайды.

Сондай-ақ командалардың алыс қашықтыққа сапар шегуіне байланысты шектеулер қарастырылған. Бұл талаптар Қазақстанның Мальта, Андорра және Гибралтар құрамаларымен бір топқа түсуіне әсер етуі мүмкін.

Қазақстан әйелдер құрамасының Ұлттар лигасы-2027 турниріндегі қарсыластары 3 қарашадағы жеребе қорытындысында белгілі болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button