
Қазақстандық семсерлесуші Артем Саркисян Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Ерлер арасындағы қылыштасудан жекелей жарыстың ширек финалында Саркисян Оңтүстік Корея өкілі До Гёндонмен кездесіп, 15:14 есебімен жеңіске жетті. До Гёндон – командалық жарыста Олимпиада чемпионы.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы тағы бір оңтүстіккореялық семсерлесуші О Сан Укке қарсы шықты. Кездесу 15:9 есебімен О Сан Уктің пайдасына аяқталды. Осылайша, Саркисян жарысты қола медальмен аяқтады.
О Сан Ук – үш дүркін Олимпиада чемпионы. Ол Париждегі 2024 жылғы Олимпиадада жекелей және командалық сайыста алтын медаль жеңіп алса, Токио Олимпиадасында командалық жарыста чемпион атанған.
Фото: Сали Сабиров



