Спорт Министрі | Қазақстанда бокс клубтары арасында чемпионат өтетін болды
БОКС

Қазақстанда бокс клубтары арасында чемпионат өтетін болды

Қазақстанда бокс клубтары арасында жаңа форматтағы чемпионат ұйымдастырылады, деп хабарлайды SportM.kz.

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы, әлем чемпионы Мерей Ақшалов мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған турнирді 2026 жылдан бастап тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.

– Өздеріңіз білесіздер, кезінде Astana Arlans деген кәсіби клуб болған. Біз сол жерде өнер көрсетіп, мол тәжірибе жинадық. Енді соған ұқсас чемпионатты Қазақстан ішінде қолға алмақпыз. Чемпионатқа облыстық спорт басқармаларына қарасты бокс клубтары қатысады, – деді Ақшалов федерацияның жылдық конференциясында.

Жарыс жартылай кәсіпқой стильде, әр жекпе-жек 5 раундтан өтеді. Федерация өкілінің айтуынша, мұндай бастама өңірлік деңгейдегі спортшылардың тәжірибе жинауына, спорттық резерв қалыптастыруға және бокс мәдениетін дамытуға жол ашады.

Жаңа турнирдің нақты атауы мен форматы алдағы уақытта бекітіледі. Бұл жобаның бастамасы — қазақстандық бокстың ішкі инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Басқа жаңалықтар

Back to top button