ТАЕКВОНДОТРЕНДТЕ

Қазақ қыз-жігіттері халықаралық жарыста топ жарды

Таеквондошыларымыз үшін жыл сәтті басталды. Болгарияның София қаласында кәріс жекпе-жегі бойынша биылғы жылдың алғашқы халықаралық жарысы өтті.

Есбол Сұлтанов баптайтын Қазақстан құрамасы 14 медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын. Яғни, 74 келідегі Мақсат Орынбасар қарсылас шақ келтірмеді. Бұған қоса, қоржынымызда 5 күміс пен 8 қола бар. Сонымен қатар, еліміздің жастар құрамасы да жақсы нәтиже тіркеді. Нұрболат Жаңбыров шәкірттері 9 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Оның 5-еуі алтын жеңіп алды. Атап айтқанда, Нұрперзент Саматұлы, Әлинұр Еркін, Анастасия Ряботенко, Тоғжан Қазнабек және Сабина Тұртұловалар барлық қарсыласын ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Осының арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жайғасты.

Айта кетейік, соңғы кезде отандық таеквондода үлкен өзгерістер болып жатыр. Париж олимпиадасынан кейін ұзақ жылдар бойы отырған федерация президенті Вячеслав Ким кетіп, орнына Құдірет Игнатұлы келді. Алғаш рет Қазақстан чемпионатына шетелдік төрешілер шақыртылды. Бұған қоса, алғаш рет бас бапкерге іріктеу жарияланды. Осы өзгерістердің арқасында көп ұзамай, міне, халықаралық деңгейдегі көрсеткіштер де жақсарып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button