БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Астана алғаш рет жүзуден Әлем кубогының кезеңін қабылдайды

15–17 қазан аралығында Астанада жүзуден Әлем кубогының кезеңі өтеді. Қазақстан астанасы 2026 жылғы Silk Road Tour сериясының қорытынды жарысын қабылдайды.

Биыл World Aquatics Әлем кубогының үш кезеңін бір бағытқа біріктірді. Тарихи Жібек жолының құрметіне Silk Road Tour деп аталған серия Баку, Ташкент және Астана қалаларында өтеді.

Алғашқы кезең 1–3 қазанда Әзірбайжан астанасы Бакуде ұйымдастырылады. Одан кейін жүзгіштер 8–10 қазанда Ташкентте сынға түседі. Серия 15–17 қазанда Астанада мәресіне жетеді.

Жарысқа ұлттық құрамалардың спортшылары және белгіленген іріктеу талаптарын орындаған клуб өкілдері қатыса алады. Silk Road Tour аясындағы үш кезеңге 50-ден астам елден 750-ден аса жүзгіш қатысады деп жоспарланған. Олардың қатарында Олимпиада және әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, сондай-ақ әлемдік рекорд иелері болады деп күтілуде.

Әлем кубогында көрсетілген нәтижелер талаптарға сәйкес әлемдік және жасөспірімдер рекорды ретінде ресми тіркелуі мүмкін.

Silk Road Tour сериясының қорытынды рейтингі Астанадағы соңғы кезеңнен кейін анықталады. Жалпы есепте әр спортшының әр кезеңдегі ең үздік үш нәтижесі ескеріледі.

Әлем кубогының Астанадағы жарыстары «Барыс Арена» бассейнінде өтеді. Күзгі серия желтоқсанда Бейжіңде өтетін 25 метрлік бассейндегі әлем чемпионаты алдындағы маңызды халықаралық жарыстардың бірі болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button