
Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U19 және U23 жас санаттары бойынша Азия чемпионаты жалғасуда. U19 санатындағы жартылай финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының тоғыз боксшысы финалға жолдама алды.
Азия чемпионатының алтын медалі үшін Әділ Асқанбай (50 келіге дейін), Ақжүрек Қалабай (65 келіге дейін), Камила Оспанова (70 келіге дейін), Бибарыс Әшірбай (70 келіге дейін), Айдана Убайдуллақызы (80 келіге дейін), Тимур Тайбеков (80 келіге дейін), Руслан Ахметов (85 келіге дейін), Зарина Толыбай (80 келіден жоғары) және Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) бақ сынайды.
Ал Мадира Жұмақан (48 келіге дейін), Едіге Нұрғожа (55 келіге дейін), Ақнұр Тұрсынғали (57 келіге дейін), Айсұлу Мұхит (65 келіге дейін) және Жалғас Утебеков (90 келіге дейін) жартылай финалда жеңіліп, Азия чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Айта кетейік, U19 жас санатындағы финалдық жекпе-жектер 15–16 шілде аралығында өтеді. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері құрлық біріншілігінің алтын медальдары үшін бақ сынайды.



