
Қазақстандық боксшы Бекзад Нұрдәулетов елордада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогы кезеңінде алтын жүлдеге қол жеткізді.
85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз финалда Үндістан өкілі Джугнумен жұдырықтасты. Жекпе-жектің алғашқы раундынан-ақ Бекзад басымдық танытып, қарсыласын нокдаунға жіберді. Қалған раундтарда да айқын басым болып, сенімді жеңіске жетті.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында үшінші алтын медаль тіркелді. Бұған дейін Назым Қызайбай (48 кг) мен Махмұд Сабырхан (55 кг) чемпион атанған болатын.