
Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күні аяқталды. Ширек финалдық жекпе-жектерде бірнеше күтпеген нәтиже тіркеліп, ел чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері арасындағы тартысты айқастар өтті.
Төртінші күні ерлер арасында 55, 60, 80, 90 және 90 келіден жоғары, ал әйелдер арасында 51, 57, 70 және 80 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде жартылай финалға жолдама алған спортшылар анықталды.
Күннің басты сенсацияларының бірі 60 келі салмақта тіркелді. Жетісу облысының 19 жастағы өкілі Әділбек Қожахан 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Сырымбетовті жеңіп, жартылай финалға шықты. Енді жас боксшы әлем және Азия чемпионы Оразбек Асылқұловпен кездеседі.
Әйелдер бәсекесінде де жас спортшылар көзге түсті. Жақында ғана 19 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған Алина Құдайгенова ширек финалда қарсыласынан айқын басым түсіп, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының жартылай финалына алғаш рет жолдама алды. Оның келесі қарсыласы – жастар арасындағы әлем чемпионы Ұлжан Сәрсенбек.
55 келіде Ақмола облысының боксшысы Тимур Қабдешов кейінгі екі ел чемпионатының финалисі Бекзат Алдамжаровтан басым түсті. Үш раундқа созылған жекпе-жек жоғары қарқынмен өтті.
80 келі салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар-Әли Бегалиев 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Азамат Бектасты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңді.
Осы салмақта тағы бір жастар арасындағы әлем чемпионы Өнер Сейілхан да сәтті өнер көрсетті. Ол 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқарды тактикалық тұрғыдан ұтымды бокс көрсетіп жеңіп, жартылай финалға өтті.
75 келіде әлем чемпионатының финалисі Әбілхан Аманқұл тәжірибелі Нұрқанат Райысты 5:0 есебімен ұтты.
Әйелдер арасындағы жарыста әлем чемпионы Ләззат Күңгейбаева ширек финалда жеңіліп қалды. 38 жастағы боксшы 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Елдана Талиповаға жол беріп, ел біріншілігіндегі өнерін аяқтады.
Төртінші жарыс күнінде бірқатар фаворит те жеңісті жолын жалғастырды. 50 келіде Даниял Сәбит қарсыласынан айқын басым түссе, 55 келіде Нұрсұлтан Алтынбек кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетті.
60 келіде Бибарыс Жексен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі Жансері Көшербаевты жарыс жолынан шығарды.
65 келі салмақта Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Абзал Серік және Нұрислам Қалдыбаев келесі кезеңге өтті.
Сондай-ақ Ерасыл Жақпеков 80 келіде, Сағындық Тоғамбай мен Дәулет Төлемісов 90 келі салмақта жеңіске жетті.
Бокстан Қазақстан чемпионаты Тараз қаласында 6 қарашаға дейін жалғасады.



