
Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасы 12–14 қараша аралығында Швейцарияның Берн қаласында өтетін әлем кубогының кезекті кезеңінде бақ сынайды.
Халықаралық жарыста қазақстандық шпагашылар жекелей және командалық бәсекелерге қатысады. Ұлттық құраманың тізіміне тоғыз спортшы енген.
Жекелей сында Қазақстан намысын Эльмир Әлімжанов, Александр Федотов, Аңсар Қасен, Руслан Курбанов, Богдан Лукин, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Георгий Тинников қорғайды.
Ал командалық жарыста ел атынан Эльмир Әлімжанов, Руслан Курбанов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстанның ерлер құрамасы қазан айында Марокконың Касабланка қаласында өткен әлем кубогының кезеңінде алтын медаль жеңіп алған болатын.
Осы табыстан кейін қазақстандық шпагашылар әлемдік рейтингтің бірінші орнына көтерілді.
Енді ұлттық құрама Берндегі жарыста көшбасшылық орнын сақтап қалуға және әлем кубогындағы сәтті өнерін жалғастыруға ұмтылады.



