БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Садақ атудан Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Орал қаласында садақ атудан Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігінде классикалық және блоктық садақ ату бойынша жекелей әрі командалық сайыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Классикалық садақ атудан ерлер арасында Жетісу облысының өкілдері үздік нәтиже көрсетті. Чемпион атанған Ильфат Абдуллиннен кейін Дәулеткелді Жаңбырбай күміс, Денис Ганькин қола жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында Александра Землянова (Жетісу облысы) алтын медаль жеңіп алса, Самира Жұмағұлова (Ақмола облысы) екінші, Медина Мұрат (Жетісу облысы) үшінші орынға тұрақтады.

Блоктық садақ атудан ерлер арасында Алматы облысының спортшысы Ділмұхамед Мұса чемпион атанды. Күміс медальді Шымкенттен Ақбарәлі Қарабаев, қоланы Түркістан облысының өкілі Бунед Мирзаметов иеленді. Әйелдер арасында Диана Юнусова (Шымкент) жеңімпаз атанса, Адель Жексенбинова (Ақмола облысы) күміс, Эльмира Раисова (Жетісу облысы) қола жүлдеге қол жеткізді.

Командалық жарыстарда да тартыс жоғары деңгейде өтті. Классикалық садақ атудан ерлер арасында Жетісу облысы чемпион атанса, әйелдер арасында Шымкент құрамасы топ жарды. Аралас командалар сайысында Жетісу облысы жеңімпаз болды.

Блоктық садақ атудан ерлер және әйелдер арасындағы командалық жарыстарда Шымкент құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Ал аралас командалар арасында Ақмола облысының құрамасы чемпион атанды.

Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша үздік спортшылар алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button