ТРЕНДТЕ

Қазақстанда спортшыларға діни көзқарасын ашық көрсетуге тыйым салынды

Қазақстанда Спорттық этика ережесінің жаңа редакциясы бекітілді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 8 шілдеде жарияланған бұйрығында көрсетілген. Құжат 2025 жылдың 19 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Жаңа талаптарға сәйкес, спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер:

  • қоғамға қарсы мінез-құлықтан, оның ішінде мас күйде қоғамдық орындарда болудан, адам абыройы мен қоғамдық моральға қайшы әрекеттерден аулақ болуы керек;
  • әділ ойын қағидаларын және адал бәсекелестікті ұстануы тиіс;
  • қарсыластарына, көрермендерге, ұйымдастырушыларға, ұлттық құрамалар өкілдеріне құрметпен қарауы қажет;
  • саяси демонстрациялардан және өзгелерге қатысты дискриминациядан бас тартуы тиіс;
  • мемлекеттік рәміздерге – Ту, Елтаңба, Әнұранға құрметпен қарап, Әнұран мәтіні мен әуенін білуге міндетті;
  • марапаттау рәсімдеріне қатысып, спорттық киім үлгісін сақтауы қажет.

Ең басты өзгерістердің бірі – команда ішінде діни сенімін ашық көрсетуге тыйым салу және өзгелерді діни бірлестіктердің қызметіне немесе миссионерлік әрекеттерге қатысуға мәжбүрлемеу. Бұл тармақ діни бейтараптықты сақтау мақсатында енгізілген.

Сонымен қатар:

  • жаттығу процесіне қатысты ақпаратты жария етуге;
  • боқтық сөздер мен балағаттауға;
  • төреші шешіміне ашық наразылық білдіруге;
  • спорттық беделге нұқсан келтіретін әрекеттерге жол беруге болмайды.

Дене шынықтыру-спорт ұйымдары енді әрбір қызметкер мен спортшыны еңбек шарты жасалған сәттен бастап Спорттық этика ережесімен таныстыруға міндетті. Сондай-ақ бұл құжат көрнекі жерге ілінуі тиіс.

Бұл өзгерістер халықаралық талаптарға бейімделу және Қазақстан спортындағы тәртіп пен кәсіби этиканы күшейту мақсатында енгізілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button