АУЫР АТЛЕТИКА

Аянат Жұмағали ауыр атлетикадан әлем чемпионатында 19-орын алды

Қазақстандық ауыр атлет Аянат Жұмағали Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады. Ол әйелдер арасындағы 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 19-орынға тұрақтады.

Отандасымыз жұлқа көтеру жаттығуында 101 келіні бағындырды. Ал серпе көтеруде 126 келіні еңсеріп, қоссайыс қорытындысында 227 келі нәтиже көрсетті.

Бұл салмақта Қытай спортшысы Ян Цюся әлем чемпионы атанды. Ол жұлқа көтеруде 120 келіні, серпе көтеруде 145 келіні бағындырып, жалпы есепте 265 келі жинады.

Күміс медаль тағы бір қытайлық ауыр атлет Пэн Цуйтинге бұйырды. Оның қоссайыстағы нәтижесі 262 келіні құрады. Ал Мысыр өкілі Сара Ахмед 258 келі көтеріп, қола жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, Аянат Жұмағали биыл Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алған болатын. Ол кезде қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде 109 келіні, серпе көтеруде 137 келіні еңсеріп, жалпы 246 келі нәтиже көрсеткен еді.

Нинбодағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге бір медаль бар. Бұған дейін Нұрғиса Әділетұлы 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қоссайыс қорытындысы бойынша 399 келі (182+217) көтеріп, күміс жүлдегер атанған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button